БҚО-да 500-ге жуық киікті атқандар сотталды
Сот талқысында белгілі болғанындай, «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК қызметкері Нұрғазы Садықов киікті қорғаудың орнына қызмет бабын пайдаланып, топ ұйымдастырған. Осылайша, Қазталов, Бөкей ордасы, Жәнібек аудандары мен Атырау облысы аумағында аталмыш топ 2016 жылдың сәуірінен 2017 жылдың маусымына дейін 500-ге жуық киіктің көзін жойған. Сөйтіп мемлекетке 745 млн теңге залал келтірген оларға барлығы 11 эпизод бойынша айып тағылды.
Н.Садықов ҚР ҚК 262-бабы 3-бөлігіне (ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған қатысу), 337-бабы 5-бөлігіне (қарда жүретін техниканы қолдана отырып, қылмыстық топпен аса ірі көлемде заңсыз аң аулау), 339-бабына (өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) және 287-бабы 3-бөлігіне сәйкес (заңсыз қару сақтау) айыпты деп танылып, мүлкін тәркілеумен бірге 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі жоғары қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге сотталды.
ҚР ҚК 262-бабы, 2-бөлігі, 337-бабы, 5-бөлігі, 339-бабы, 287-бабы 3-бөлігімен айыпталған топ мүшелері Махамбет Айшев 7 жылға, Әлішер Жанғабаев пен Аслан Тайғаренов 6 және Еділ Қадыров 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі орта қылмыстық-атқару жүйесінде өтеуге сотталды.
Ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысы дәлелденбегендіктен, Нұржан Дүйсенғалиев сот залынан босатылды. Әйтсе де ҚР ҚК 339-бабына сәйкес оның екі жылға бас бостандығы шектелді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, өткен жылы 19 маусым күні Қазталов ауданында киік аулаумен айналысқан ұйымдасқан топ мүшелері қолға түскенін жазған болатынбыз.