БҚО-да 57 млн теңгенің темекісі мен қолдан жасалған ішімдікті заңсыз сатқан тұрғын ұсталды
БҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінен мәлім еткендей, аталған тұрғын 2022 жылдың қарашасы мен биылғы 17 қаңтар аралығында үшінші елдерден екі өлшемді матрицалық штрихкод түріндегі тұтыну қаптамасының сәйкестендіру құралынсыз темекі өнімдерін, сондай-ақ құрамында спирті бар заттарды көтерме саудада заңсыз өткізумен шұғылданған.
Жедел іздестіру іс-шаралары нәтижесінде жалпы сомасы 57 млн теңгеден асатын екі өлшемді цифрлық таңбасы жоқ 90 мың қорап темекі өнімі, құрамында спирті бар зат құйылған, барлығы 320 литр көлеміндегі пластик ыдыстар табылып, алынды.
«Сонымен қатар қазіргі заманғы қадағалау құралдары мен жасырын әдістерді пайдалана отырып, жедел комбинацияны жүзеге асыру барысында заңсыз темекі өнімдерін барлық сатушылар мен қолма-қол ақша қозғалысы туралы мәліметтерді қамтитын «қара касса» анықталды» деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 22 млн теңге жымқырған бухгалтердің сотталғанын жазған болатынбыз.