БҚО-да 6 мың гектардан астам пайдаланылмаған жер мемлекетке қайтарылды

АСТАНА. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданында ұзақ уақыт бойы пайдаланылмай келген 6 200 гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл туралы облыстық прокуратура хабарлады.

БҚО: Пайдаланылмай жатқан 468 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды
Фото: «AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы

Сырым ауданының прокуратурасы жер заңнамасының сақталуына жүргізген талдау барысында бірқатар жер пайдаланушының өздеріне берілген учаскелерді ұзақ уақыт бойы нысаналы мақсатына сай пайдаланбағанын анықтаған.

Прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде кадастрлық құны 75 млн теңгеден асатын жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды.

– Қазіргі уақытта қайтарылған жер учаскелері заңды экономикалық айналымға енгізіліп жатыр. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдарға Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес тиісті бағдар берілді. Атап айтқанда, қайтарылған жерлерді ауылдық жерде тұратын адал ниетті субъектілерге беру ұсынылды, – деп хабарлады Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы.

Айта кетейік, бұған дейін Ақмола облысының Біржан сал ауданында кадастрлық құны 492,6 млн теңге болатын 121 мың гектардан астам жайылым мемлекет меншігіне қайтарылған еді.