БҚО-да 6 мыңға жуық адам су тасқынымен күресіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында су тасыған аумақтардан 13 мыңнан астам адам эвакуацияланды. Бұл туралы БҚО әкімдігі баспасөз қызметінің жетекшісі Ерхан Таткен мәлім етті.
«Жайықтың бойындағы елді мекендерге тәулік бойы кезекшілік қойылды. Қауіпті аумақтардан адамдарды эвакуациялап жатыр. Сонымен қатар үй жануарлары да қауіпсіз жерлерге көшірілуде. Су тасқыны басталғалы бері 13 мыңнан астам адам эвакуацияланды, оның ішінде 7 мыңнан астамы ересек азаматтар болса, 6 мыңға жуығы бала. Бүгінгі таңда облыс бойынша 18 эвакуациялық пункте 2 мыңға жуық адам орналасты. Оларға қажетті заттар мен азық-түлік уақытылы жеткізілуде», - деді Ерхан Таткен ОКҚ-де өткен брифингіге ZOOM арқылы қатыса отырып.
Сондай-ақ, БҚО әкімдігінің баспасөз хатшысы су тасқынынан зардап шеккен отбасылардан 185 бала республикалық лагерлерде жолдама алғанын айтты.
«Су тасқынына қарсы іс-шараларға облыстан және басқа аймақтардан барлығы 6 мыңға жуық адам мен 1 мыңнан астам техника жұмылдырылды. Су тасқынының алдын алу және салдарын жою үшін құтқарушылар, төтенше жағдай мамандары, коммуналдық қызметтер, күштік құрылымдар, волентерлер және тұрғындар бар күш-жігерлерін салуда», - дейді ол.
Бұған дейін хабарлағанымыздай 17-19 сәуір күндері Ресейдің Орынбор облысынан Жайық өзініне (БҚО) ірі көлемде су келеді деген болжам жасалды.