БҚО-да 6 жыл заңсыз тұрып келген Армения азаматшасы анықталды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Зеленов аудандық №2 соты көші-қон заңнамасын бұзған Армения Республикасының азаматшасына қатысты әкімшілік іске нүкте қойды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Приурал полиция бөлімінің көші-қон қызметкерлері құжаттарды тексеру кезінде облыс аумағына 2011 жылы келіп, содан бері ішкі істер органдарында тіркелмей, тұрып келе жатқан шетелдік азаматшаны анықтаған.
Көші-қон заңнамасына сәйкес келген адам күнтізбелік 5 күннен кейін ел аумағынан шығып кетуі немесе тіркелуі тиіс.
Армениялық азаматша көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін кінәлі деп танылып, асырауында кәмелетке толмаған балалары бар екендігі ескеріліп, оған 10,5 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
Сот қаулысы заңды күшіне енді.