БҚО-да 700-ге жуық алаяқтық дерегі тіркелді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында биылғы тоғыз айда 692 алаяқтық дерегі тіркеліп, соның 562-сі анықталды,  деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

 БҚО-да 700-ге жуық алаяқтық дерегі тіркелді

БҚО ІІД баспасөз қызметкері Асылай Ғұбашеваның айтуынша, қылмыстың ашылуы 81,2 пайызды құрап отыр.

Қазіргі таңда адамдарды алдаудың тағы бір тәсілі белгілі болып отыр. Ол - жалға берілетін үйлерді алуға «көмек көрсету» немесе заңсыз жер телімдерін сату. Жуырда белгісіз біреу қала әкімдігі жанында 1964 жылғы азаматты алдап «жалға берілетін тұрғын үй алуға көмектесемін» деп, бастапқы жарнасын сұрап, 4 млн теңгесін иемденіп кеткен. Абай полиция бөлімі жүргізген жедел іздестіру шаралары барысында осы қылмысқа күдікті ретінде 1974 жылғы Г. есімді азаматша анықталып, ұсталды. Күні бүгін тергеу амалдары жалғасуда. Сол секілді кейбіреулер алаяқтардың «Жұмысқа орналастырамын» деген сөзіне сеніп қалуда. Мысалы, бұрын да істі болған 1984 жылғы тұрғын 1991 жылғы жігіттің сеніміне кіріп, оған жұмыс тауып бермекші болып, 110 мың теңгесін жымқырған. Тергеу барысында алаяқтың бұдан басқа бес адамды отырғызып кеткені белгілі болды. Оған қатысты ҚР ҚК 190-бабы 2-бөліміне қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.