БҚО-да 73,7 млрд теңгеге жол жөндеу жүргізіледі

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында биыл «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы, сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 73,7 млрд теңгеге барлық маңыздағы 570 шақырымнан астам жолды жөндеу көзделуде. Бұл туралы облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің төрағалығымен өткен аппарат кеңесінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айдар Меңеев мәлім еткеніндей, соның ішінде 26,6 млрд теңге облыстық және аудандық маңызы бар автожолдардың 55 жобасы бойынша 332 шақырымды жөндеуге бөлінген.


Оның сөзіне қарағанда, облыстық маңызы бар Барбастау – Ақжайық – Индер (43-93 км), Бөрлі – Ақсай – Жымпиты (68-139 км), Чапаев – Жаңақала – Сайқын (130-191 км) автожолдарын қайта жаңарту жалғасады. Бұған республикалық бюджеттен 4 871 млн теңге қарастырылған. Ал Теректі – Ақсай (58-73 км) және Тасқала – Аққурай – Болашақ (111-149 км) автожолдары учаскелерін орташа жөндеу аяқталады. Оған қоса Орал қаласы әуежайының кірме жолы мен Бәйтерек ауданындағы Деркөл өзеніндегі апатты жағдайдағы көпір орташа жөндеуден өтеді.

Сонымен қатар Барбастау – Ақжайық – Индер (93-145 км), Чапаев – Жаңақала – Сайқын (257-337 км), РФ шекарасы – Жалпақтал – Жұлдыз – Қарасу (50-90 км) автожолы жобаларына жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.


Өңірде аудандық маңызы бар және елді мекендерге кірме жолдардың 270 шақырымы реттеледі.

Барлық жол жобаларын жүзеге асыру үшін қажетті жол құрылысы материалдарымен уақтылы қамту аса маңызды.

Айдар Меңеевтің айтуынша, жергілікті жерде қиыршық тастың болмауына байланысты қажетті инертті материалдар Ақтөбе облысынан темір жол арқылы жеткізіледі. Биылғы қажеттілік – 1931 мың тоннадан астам қиыршық тасты тасымалдау үшін 28 мың вагон керек.


«Өңірде соңғы жылдары автожол нысандарында орын алған инертті материалдар тапшылығы мәселесі біртіндеп шешілуде. Осы ретте «Қазақстан темір жолы» АҚ, «Қазақстан темір жолы – Жүк тасымалы» АҚ және «ҚазТемірТранс» АҚ-мен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде қиыршық тасты Ақтөбе облысынан жеткізу жұмыстары реттелуде. Күні бүгін облыс осы материалман 38 пайызға ғана (390 мың тонна немесе 5665 вагон) қамтамасыз етіліп отыр. Барлығы 10 темір жол құрамы жұмылдырылған. Сол секілді өткен жылы облыста битум жетіспеушілігі болғаны мәлім. Қазіргі таңда жергілікті автожолдар желісінің жобалары үшін 8 мың тоннаға жуық (қажеттілік – 30 мың тонна) битум дайындалды. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда», - деді А.Меңеев.


Өңір басшысы Нариман Төреғалиев Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауылдардың тұрмыс сапасын жақсарту үшін экономиканың күретамыры саналатын жол құрылысын сапалы да уақтылы жүргізудің маңыздылығын атап көрсетті.

Аппарат кеңесінде сондай-ақ ауылдарды цифрландыру мәселесі де талқыға салынып, тиісті тапсырмалар берілді.


Соңғы жаңалықтар