БҚО-да 757 млн теңгеден астам қаржыға 154 медициналық құрылғы сатып алынады
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Болатбек Қаюповтың айтуынша, алдағы күзде коронавирус індетінің екінші толқыны келу мүмкіндігі болжанып отырғандықтан, өңірде соған алдын ала қам жасалуда.
Аталған медициналық құрылғыларға қоса 37 санитарлық автокөлік алу, 200 орындық модульді жұқпалы аурулар ауруханасын салу жоспарлануда.
Республикалық бюджеттен жеке қорғаныс құралдарын алуға 287,7 млн астам қаражат бөлінді. Ал жергілікті қазына есебінен медициналық құрал-жабдық алуға 170 млн жуық теңге қаралды.
Қазіргі кезде коронавирусқа шалдыққандарды емдеу үшін 3445 төсек-орын болса, соның 1823-і карантиндік, 752-сі провизорлық стационарда, 870-і жұқпалы аурулар ауруханасында. Күні бүгін бұлардың саны 891 төсек-орынға дейін қысқарды.
Б.Қаюповтың сөзіне қарағанда, стационарларда 159 медицина қызметкері жұмыс істеуде. Жалпы, облыста 1687 дәрігер, 6388 орта буын қызметкері бар. Биыл 64 дәрігер өңірге келді. Сондай-ақ Батыс Қазақстан жоғары медицина колледжін бітірген 104 маман іске кірісті.
Өкінішке қарай, 1201 медицина қызметкері індетке шалдықты. Коронавирусқа қарсы шараларға тартылған қызметкерлерге өтемақы төлеу үшін құрылған арнайы комиссия 159 өтінішті қараса, соның 101-і қанағаттандырылды. 13 материалға қатысты Денсаулық сақтау министрлігімен келісілуде. Өтемақы төлеу үшін материал жинау жалғасуда.
«Күзде ЖРВЖ және тұмау өршитіндіктен, жергілікті бюджеттен 67 мың дана екпе сатып алынуда. Қосымша 83 мың дана екпеге өтінім берілді. Маусымдық ауруға ковид қосылса, жағдай күрделеніп кетуі ықтимал. Сондықтан қосымша 590 төсек-орын әзірленді. Әрбір медицина мекемесінде екі айға жететін дәрі-дәрмек қоры бар. 123 мобильді бригада жұмысқа дайын. Облыста қазір 130 ИВЛ аппараты, 451 оттегі концентраторы, 172 Бобров аппараты, 10 томограф, 47 рентген аппараты бар. Қажетті медициналық жабдық алу бұдан былай да жалғасады. Өңірде күн сайын оншақты адамның ковидпен ауырғаны тіркеліп отырғандықтан, босаңсуға болмайды», деді Болатбек Амангелдіұлы.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да той, мерекелер туралы хабарлағандар сыйақы алатынын жазған едік.