БҚО-да 8,5 млрд теңгеге үш бірдей өндіріс орны іске қосылмақшы
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында 8,5 млрд теңгенің инвестициялық жобалары жүзеге асырылуда, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Облыс әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, Зеленов ауданы Щапов ауылында «Жайық Агро ЛТД» ЖШС құны 3,5 млрд теңгені құрайтын, жылына 6,2 мың тонна құс етін өндіретін кешеннің негізгі құрылыс жұмыстарын аяқтап, биылғы қараша айында іске қосты. Кешен толық қуатымен жұмыс жасаған кезде облыс тұрғындарының құс етіне деген қажеттілігін қамтамасыз етіп, 109 жаңа жұмыс орны ашылмақшы.
Тағы бір тың өндіріс орны Орал қаласында салынуда. «ПОШ Руно» ЖШС жобалық құны 2,2 млрд теңге, жылына 182 мың дана ірі қара және 624 мың дана ұсақ малдың терісін өңдейтін кәсіпорын құрылысы мен жабдықтарды қондыру жұмысын алдағы желтоқсан айында аяқтамақшы. Мұнда 50 жаңа жұмыс орны ашылмақшы.
Сол секілді Орал қаласында «Желаев астық өнімдері комбинаты» құны 1,8 млрд теңгеге бағаланған, сағатына 2 тонна макарон өнімдерін шығаратын фабриканың негізгі құрылыс жұмыстарын бітірді. Мұнда қазір италиялық «PAVAN» фирмасынан сатып алынған жабдықтарды монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Бұл фабриканы да (50 жаңа жұмыс орны) алдағы желтоқсан айында іске қосу көзделуде.