БҚО-да 8 тонна пішен мен қора-қопсы өртеніп кетті

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында қора-қопсыға қоса 8 тонна пішен, мал өртеніп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО-да 8 тонна пішен мен қора-қопсы өртеніп кетті

БҚО ТЖ департаменті «Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі» ММ мәлім еткеніндей, оқиға 7 желтоқсан күні Теректі ауданы Ақсоғым ауылында болды.

Сағат 11.37-де Жеңіс көшесіндегі жеке тұрғын үйдің ауласында орналасқан шаруашылық нысанының өртеніп жатқаны жөнінде хабар түскен.

Аумағы 40 шаршы метрді қамтыған өрттен 8 тонна пішен күлге айналды. Оған қоса 1 бас ірі қара мен бұзау, 20 үй құсы отқа оранды.

«Тілсіз жау» сағат 16.10-да оқшауланып, 17.51-де толықтай жойылды.

Қазіргі кезде өрттің шығу себебі, келтірілген шығын анықталу үстінде.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда сібір елігін атқан браконьерлер ұсталғанын жазған болатынбыз.