БҚО-да 800-ден астам адамның қант диабетіне шалдыққаны анықталды
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында биылғы 11 айда қант диабеті бойынша 63 649 адам скринингтік тексеруден өткізілді.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мадияр Өтешевтің мәлім еткеніндей, соның ішінде 833-інің аталмыш дертке шалдыққаны анықталып, 805-і диспансерлік есепке алынды.
Мадияр Амангелдіұлының сөзіне қарағанда, осы мерзімде 63 426 адам қан айналымы жүйесі бойынша скринингтік тексеруден өткізілсе, соның 6 560-ы немесе 10,3 пайызы сырқат болып шықты. Атап айтқанда, 5 955-і артериялық гипертензия, 635-і ишемиялық жүрек ауруларымен тіркелді.
Глаукомаға 63 624 адам тексерілсе, соның 239-ынан аталмыш дерт анықталып, 234-і есепке қойылды.
Сондай-ақ сүт безі обыры, жатыр мойны обыры және тоқ ішек обырының ісік алды патологиясын ерте анықтау үшін скринингтің үш түрі бар.
- Сүт безі обыры бойынша тексеруден өтуге тиіс 44 910 әйелдің 41 574-і немесе 92,6 пайызы қаралды. Соның 81-інде ерте сатыдағы сүт безі обыры, 3 169 әйелде қатерсіз ісіктер бары белгілі болды. Жатыр мойны обырына жоспарланған 34 287 әйелдің 33 253-і немесе 96,9 пайызы тексерілді. Нәтижесінде 10 адамнан обырдың осы түрі, 801 әйелден ісікке дейінгі патологиялар табылды. Тоқ ішек обырынан 52 876 адамның 50 722-сі немесе 95,6 пайызы тексеріліп, 28-інің дертке шалдығып, 466-сынан ісікке дейінгі патологиялар анықталды. Осы орайда тұрғындарға дәрігерлік тексеруден уақытылы өтіп тұрудың маңыздылығын еске саламыз, - деді М.Өтешев.
Басқарма басшысының айтуынша, облыс орталығынан шалғай жатқан елді мекен тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін ұйымдастыру мақсатында 12 жылжымалы медициналық кешен жұмыс жасауда. Жылжымалы медициналық кешендерде терапевт, акушер-гинеколог, хирург, офтальмолог, оториноларингологтар кеңес беріп, функциональды диагностика (УДЗ, рентген, ЭКГ), зертханалық және стоматологиялық кабинет қызметі көрсетіледі.
- Кешеннің көмегімен биылғы 11 айда 45 045 адам медициналық тексеруден өтті. 66 700 адамға мамандар кеңес берсе, 27 207-сіне диагностикалық, 17 991-іне зертханалық қызмет көрсетілді. Тексеру нәтижесі бойынша барлығы 5 974 науқас анықталып, 1 718-і диспансерлік есепке алынды. Соның ішінде 1 038-іне қан айналымы жүйесі аурулары, 109-ына глаукома, 171-іне қант диабеті, 3 262-сіне басқа диагноздар қойылды. Оған қоса 1 392 бала тіркелді, - дейді М.Өтешев.
Басқарма деректері бойынша биыл денсаулық сақтау саласын қаржыландыруға 96,8 млрд теңге (2023 жылы – 91,3 млрд теңге) қарастырылды. Соның 83,9 млрд теңгесі әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы және 12,9 млрд теңгесі жергілікті бюджет есебінен жұмсалуда. Алдағы жылға 98,9 млрд теңге бөлу жоспарлануда.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 94 мыңнан астам адамның қан айналымы жүйесі ауруларымен есепте тұрғанын жазған болатынбыз.