БҚО-да 92 елді мекенге талшықты-оптикалық байланыс желісі жеткізілді
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 92 елді мекенге талшықты-оптикалық байланыс желісі жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ақпараттандыру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер және архивтер басқармасының басшысы Сәкен Нұртазаевтың айтуынша, өңірде тұрғындарды сапалы интернет және байланыспен қамтамасыз ету мақсатында жүйелі жұмыс жүргізілуде.
Оның сөзіне қарағанда, мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде ауылдық елді мекендерге талшық-оптикалық байланыс желілерін өткізу жобасы мәреге жетті.
Осы жоба аясында 2018-2020 жылдары 127 669 тұрғыны бар 92 елді мекенге аталмыш байланыс желісі қосылды. Осы ауылдардағы 97 мектеп, 81 денсаулық сақтау ұйымы, 84 әкімдік байланыс желісіне қол жеткізді.
Сонымен қатар ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі биыл байланыс операторларымен бірге тұрғын саны 250 адамнан көп болатын ауылдық елді мекендерге 3G/4G технологиясы бойынша мобильді интернет өткізу жобасын іске асыру
туралы бастама көтерді.
Аталған жобаға сәйкес Батыс Қазақстан облысында 70 ауылдық елді мекенді қамту жоспарланды. Қазіргі таңда байланыс операторларымен жоба бойынша жұмыс басталды.
«Сондай-ақ байланыс операторларымен бірлесіп интернет пен ұялы байланыстың жылдамдығы мен сапасын жақсарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда «Кселл» АҚ 7 ауылға 3G технологиясы бойынша, «КарТел» ЖШС 30-дан астам елді мекенге 4G Beeline желісін іске қосты», деді ҚазАқпарат тілшісіне С.Нұртазаев.