БҚО-да 931 мың гектар жер кері қайтарылды
Облыс әкімі А.Көлгінов жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының жұмысына сын айтып, тиісті шараларды қолдана отыра алмай отырғанын қатаң ескертті. Бұл ретте жер қатынастары басқармасымен бірге игерілмеген жерлерді қайтару жұмыстарын күшейту керектігін айтып, аталған басқармалардан ай сайын есеп алатынын атап өтті.
-Елбасы тапсырмасына сәйкес ирригациялық құрылымдарды қайта жаңартып, өңірде мал шаруашылығының қуатын арттыру мақсатында жұмыстар атқарылуда. Суармалы жерлердің көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда екі есеге өсті. Мұның бәрі игерілмеген жерлерді кәдеге жарату үшін жасалып жатыр. Демек, бұрын игерілмеген жерлер нақты қолынан іс келетін азаматтарға конкурстық негізде ашық, жариялы түрде берілуі тиіс. Инвесторлар үшін кәсіпкерлік басқармасымен бірігіп атқаратын істер баршылық, - деді облыс әкімі.
Облыс орталығында тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан жәрмеңкенің ұйымдастырылуына көңілі толмайтынын жеткізген А.Көлгінов: -Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін бір жерде ғана ұйымдастырып қоймай, қалада тағы бірнеше орындар болуы қажет. Тұрғындарға тиімді баға ұсынылуын қадағалау керек. Нарықтағы бағадан жәрмеңкедегі азық-түлік бағалары төмен болуы міндетті. Бақылау болмаған соң кейбір өнімдердің бағасында базардағыдан айырмашылық жоқ. Бақылауды күшейту керек. Осы жұмыстарды қала әкіміне тапсырамын, - деді.