БҚО-да 95 ауыл әкімі сайланды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында 7 және 9 тамыз күндері аудандық, қалалық мәслихат депутаттары қатысқан таңдаушылар отырысында 95 ауылдық округ әкімі сайланды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Оның айтуынша, ауыл әкімі сайлауында барлығы 289 үміткер тіркеліп, бір орынға үш адамнан келді. Олардың 10-ы сайлауға түсуден өз еркімен бас тартса, қалған 279-ы додаға ат қосты. Алдын ала мәліметтер бойынша сайланғандардың 88-і немесе 92,6 пайызы - ер, жетеуі (7,4 пайыз) - әйел адамдар.
Өңірде 151 ауылдық округ болса, соның 95-інде сайлау өтті, қалғандарында әкімдердің қызмет ету мерзімі біткен жоқ.
Таңдаушылар отырысына 169 депутаттың 150-і немесе 88,8 пайызы қатысып, өз таңдауларын жасады. Сайлауға 24,201 млн. теңге қаралды. Былайша айтқанда, әр ауылдық округке 841 мың теңге, әр үміткерге үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін 67 мың теңге бөлінді.
Айта кетейік, сайланған әкімдердің 54-і (56,8 пайызы), яғни тең жартысынан астамы - бұрыннан осы қызметті атқарып келгендер.