БҚО-да адамдар қарақұртқа алаңдаулы
Қарақұрттың пайда болғаны жөнінде Бәйтерек ауданы Асан ауылының тұрғыны бейнероликті Инстаграм әлеуметтік желісіне жүктеген.
Оның сөзіне қарағанда, аталған жәндікті 17 шілде күні өз үйінің ауласынан көрген.
Мұның алдында да тағы бір үйден қарақұрт табылған дейді. Осыған байланысты жұртшылық қатты алаңдаулы.
Орал обаға қарсы күрес стансасының зоологы Гауһар Құрманғазиеваның айтуынша, суретіне қарап қарақұрт екендігін айыру қиын, соған ұқсайды.
«Жалпы, қарақұрт біздің өңірде кездеседі. Әйтсе де ол ылғалды жерлерде болмайды, негізінен шөлейт жерлерді мекендейді. Оның үстіне ол ешқандай ауру тасымалдамайтындықтан, обаға қарсы күрес стансасы зерттемейді. Біздер ауру тарататын кеміргіштерді зерттейміз. Қарақұрт шаққан жағдайда дереу дәрігерге қаралу қажет», деді ҚазАқпарат тілшісіне Г.Құрманғазиева.