БҚО-да «Агробизнес - 2020» бағдарламасын жүзеге асыру барысында 2,2 млрд. астам теңгеге заңбұзушылық анықталды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - БҚО бойынша тексеру комиссиясы өңірде «Агробизнес - 2020» бағдарламасын жүзеге асыру барысына тексеру жүргізген кезде 2,2 млрд. астам теңгенің заңбұзушылығын анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

БҚО-да «Агробизнес - 2020» бағдарламасын жүзеге асыру барысында 2,2 млрд. астам теңгеге заңбұзушылық анықталды

БҚО бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Мейрамхан Қыдырбаевтың айтуынша, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында, сондай-ақ аудандар мен бірқатар ірі кәсіпорындарда 2013 жылдан биылғы бірінші жартыжылдықты қамтыған қаржылай тексеру жүргізілген. Аудит барлығы 10 млрд. 914 млн. теңгені қамтыса, соның 2 млрд. 217 млн. теңгесі бойынша заңбұзушылықтың орын алғандығы белгілі болды. Атап айтқанда, астық өңдеу кәсіпорындарына демеуқаржы дұрыс төленбеген, өңірлік тұрақтандыру қорын қалыптастыру, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізу кезінде де заңбұзушылықтарға жол берілген. Мысалы, «Орал» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына тұрақтандыру қорын қалыптастыру үшін 840 млн. теңге бөлінген. Бұл қаржыға күрт қымбаттауы мүмкін азық-түлік өнімдері сатып алынуы тиіс болатын. Алайда қаржы банктерде бірнеше есепшотта жылдан астам уақыт бойы қозғаусыз жатып, 44 млн. астам теңге табыс алынған. Азық-түлік ақыры алынбаған, соның әсерінен биыл жазда қанттың күрт қымбаттауы тұрғындарға оңай тиген жоқ.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан 600 тоннадан астам астық өткізу үшін қос оператор «Ақас» ЖШС мен «Белес-Агро» ЖШС-ына бөлінген 2 млн. астам теңге демеуқаржының жұмсалуы да бақыланбаған. Арзандатылған ұн әлеуметтік нан өндіру үшін қажет еді, бұл жұмыс орындалмаған. Аудит қорытындысы бойынша астықты жеңілдетілген бағамен өткізу немесе қаржыны бюджетке кері қайтару ұсынылды.

«Тексеріс қорытындысы облыс әкімі мен облыстық мәслихатқа жіберілді. Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мен аудан әкімдіктеріне заңбұзушылықтарды жою жөнінде ұйғарымдар берілді. Бюджет және басқа заңнаманы бұзған лауазымды қызметкерлердің жауапкершілігін қарап, артық төленген демеуқаржыны қайтару да ұсынылды», деді М.Қыдырбаев.