БҚО-да әкімдердің тұрғындармен 400-ден астам кездесуі өтеді
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Елбасы Жарлығына сәйкес өңірде барлық деңгейдегі әкімдер қаңтар, ақпан айларында тұрғындар алдында есеп береді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО әкімі аппараты ұйымдастыру-инспекторлық жұмыстары бөлімінің басшысы Жасұлан Нұрғожиннің айтуынша, биыл ауыл, аудан және қала әкімдері 15 қаңтар мен 15 ақпан аралығында тұрғындармен есептік жиындарын өткізеді. Содан кейін өңір басшысы Алтай Көлгіновтің есептік кездесуі де өтеді. Барлығы 400-ден астам жүздесу болмақ.
«Өткен жылғы кездесулердің нәтижесінде 53 мәселе облыс әкімінің бақылауына алынды. Қазіргі кезде бұлардың орындалуына мониторинг жасалуда, қорытындысы кейін белгілі болмақ», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне Ж.Нұрғожин.
Орал қаласы әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, шаһар басшысы Мұрат Мұқаев 15 қаңтар күні Желаев селолық округінде, 17-сінде Круглоозерный, 19-ында Зачаган кентінде, 24-інде Деркөл мәдениет үйінде тұрғындар алдында есеп береді. Қала әкімінің қорытынды кездесуі 12 ақпан күні болмақ. Осыған байланысты ұсыныс, ескертулер мен пікірлерді жинауға арналған жәшіктер орнатылады.
Айта кетейік, биыл облыс әкімі Алтай Көлгіновтің бастамасымен ұсыныс-пікірлердің аясын кеңейту мақсатында қосымша онлайн сауалнама жүргізу қолға алынды. Онда әр тұрғын көрсетілген өзекті мәселелер бойынша қай салаға көңіл бөлу керектігі туралы өз ой-пікірлерін білдіре алады.