БҚО-да Алашорда үкіметінің құрылғанына 105 жыл толуына орай этнофестиваль өтті
Алғаш рет ұйымдастырылған этнофестивальға өңірдің қала мен аудандарынан бөлек, көршілес Атырау облысының Қызылқоға ауданынан барлығы 12 команда қатысып, дәстүрлі әншілер, айтыскер ақындар мен балуандар сынға түсті.
Фестивальді ұйымдастырушылардың сөзіне қарағанда, далагер – рухы еркін, ойы азат, ұлы даланың өмірін, кәсібін, өнерін толық игерген тұлға. Этнофестиваль дәстүрлі ән, айтыс және қазақ күресі бойынша нағыз мықтылардың анықтады. Балуандар, ақындар, әнші-термешілер – далагерлер.
Алдымен 16 қанатты қос киіз үйдің алдында Жымпиты халық театрының мазмұнды қойылымы қойылды. Онда Алаштың асыл ісінің жолында жанталасқан Жаһаншаның, Халелдің, атқа қонған Сырымның, ақын Қадырдың бояулы қанық бейнелері көрініс тапты.
Айта кетейік, Халел Досмұхамедов 1883 жылы Қызылқоғада дүниеге келген.
Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев өңірдің тарихы мен танымал тұлғаларына қатысты танымдық іс-шаралардың жыл бойы қолға алу жоспарланып отырғанын жеткізді. Биыл – Алашорда үкіметнің құрылғанына – 105 жыл. Сондай-ақ Батыс Алашорда басшысы Жаһанша Досмұхамедовтің айнымас серігі болған Халел Досмұхамедовтің туғанына 140 жыл толып отыр. Халел Алаш қайраткері ғана емес, ол Жымпиты жерінде ғылыми және саяси қызметтермен айналысты.
Фестиваль барысында дәстүрлі әншілер байқауында сырымдық Армат Алдамжаров топ жарса, қызылқоғалық Ғибадат Тұрғалиев екінші, қаратөбелік Нұршат Исламғалиев үшінші орынға ие болды.
Балуандар сайында қызылқоғалық Сұңғат Закарияев жеңіс тұғырына көтерілсе, сырымдықтар Нұрымжан Ғаббасов пен Мерей Бердіғали қалған жүлделі орындарды бөлісті.
«Сырым семсері» атты ақындар айтысында теректілік Әділ Ахметов пен казталовтық Естеміс Мұхамбетов тақырыпты ашумен бірге бүгінгі күннің өзекті мәселелерін де көтере білді. Сондай-ақ бөкейордалық Жансая Мусина мен сырымдық Бауыржан Ширмединұлының сайысы да өте қызу өтті.
Айтыс қорытындысында Ә.Ахметов бас жүлде – «Сырым семсерін» жеңіп алса, Ж.Мусина бірінші, Б.Ширмединұлы екінші, Е.Мұхамбетов пен қызылқоғалық Батыржан Кәдірбай үшінші орыннан көрінді.
Жалпыкомандалық есепте Сырым ауданы үздік атанса, Қызылқоға және Теректі аудандары екінші және үшінші орынға ие болды.
БҚО мәдениет басқармасының басшысы Сайран Дүйсенов Халел Досмұхамедовтей біртуар тұлғаларға арналған іс-шаралардың бұдан кейін де облыс көлемінде жалғасатынын атап өтті.
«Сырымдай дала данагөйінің ізі жарқырап жатқан Сырым ауданы топырағынан талай дүлдүл түлеп ұшты. Олардың арасында ақындар мен батырлар, спортшылар аз емес. Сонымен қатар аудан орталығы – Жымпитыда Алашорда үкіметі орнап, оның батыс бөлімшесі жұмыс жасағаны белгілі. Белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әнес Сарайдың Алаашорданың табаны – Торғай, өзегі – Семей, жұлыны – Жымпиты деуі тегін емес. Сондай-ақ Сырым ауданынының перзенті, атақты ақын Қадыр Мырза Әли Жымпитыда «еркіндіктің тәй-тәй басқанын» тебірене жырға қосты. Аталмыш фестиваль алдағы уақытта да жалғасын табады», деді ақын, Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының директоры, Қазақстан Жазушылар одағы БҚО филиалының және қазылар алқасының төрағасы Бауыржан Халиолла.
Фото: Айжан Амангелдина