БҚО-да Алашорданың 100 жылдығына арналған жыр мүшәйрасы мәреге жетті
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында Алашорданың 100 жылдығына және Жаһанша Досмұхамедовтің құрметіне арналған «Ұлықтауға лайық ұлт зиялысы» атты облыстық жыр мүшәйрасы мәреге жетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен аталмыш орталық ұйымдастырған өлең бәйгесіне 16-30 жас аралығындағы 14 ақын қатысып, бақ сынады. Олар бір өлеңін Алаш қозғалысы мен көшбасшыларына, екіншісін Жаһаншаға арнады.
Белгілі ақын, ҚР Жазушылар одағы БҚО филиалының төрайымы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ақұштап Бақтыгереева бастаған қазылар алқасының ұйғарымымен Қызылорда облысының түлегі, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Мадияр Төлеуов бас жүлдені жеңіп алды. Осы оқу орнының студенттері Жанерке Ғинаят пен Мәрлен Ғилымхан сәйкесінше бірінші, екінші орынға ие болды. Сырым аудандық «Сырым елі» газетінің тілшісі Бауыржан Ширмединұлы үшінші жүлдені еншіледі. Сондай-ақ Алшынбек Мұқанғалиев, Бекболат Қаленов, Бауыржан Зинешев, Гүлназ Патшағұлова және Абзал Серікқалиұлына ынталантыру сыйлықтары табыс етілді.
Марапаттау рәсіміне қатысқан БҚО мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайыновтың атап өткеніндей, қазақтың «өз алдына ел болғанын көреміз бе?», деп аңсап өткен Ғұмар Қараш сынды бабаларымыздың арманы орындалды. Тәуелсіздік жолында жанын құрбан етіп, бар өмірін сарп еткен Алаш арыстары қандай құрметке де лайықты. Сондықтан олардың еңбегін өлеңмен айшықтай білу де - өнер.
«Өлең - киелі өнер. Қазіргі таңда ақшасы барлар кітап шығарып, жырдың қадірін кетірді. Ақындар жайына қалды. Алайда дүниеде бәрі өткінші, асыл сөз ғана қалады кейінге. Бес ғасыр бойы халқының мұңын жырлап, туын көтерген бабаларымыздың бай мұрасы өлмек емес. Ең бастысы, ұлт егемендігі мен еркіндігін сақтай білу керек. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес сөз өнерінің өкілдері де ұлтты ұйыстыру жолында алдыңғы шепте жүруі тиіс», деді ақын Ақұштап Бақтыгереева.
Сондай-ақ осы күні А.Бақтыгереева жас қаламгер, ақындармен кездесіп, Президент Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына орай атқарылар істер төңірегінде ой өрбітті. Бес адамға Қазақстан Жазушылар одағы БҚО бөлімшесінің қаржылай сыйлықтары табыс етілді.