БҚО-да Алғыс айту күніне орай көптеген шаралар жоспарланып отыр

Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғайса Қапақовтың айтуынша, мерекені өткізуге байланысты ұйымдастыру комитеті құрылып, негізгі іс-шаралар жоспары бекітілді. Алғыс айту күніне орай этномәдени бірлестіктер, облыстық мекеме-ұйымдар, қала мен аудандар әкімдіктерімен бірлесе отырып, жетімдер мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға, Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектерге, аз қамтылған және көп балалы отбасыларға, барлық әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарға арналған қайырымдылық шаралары өткізіледі.
Мәдени орындарда «Елбасына алғысымыз шексіз» атты дөңгелек үстелдер мен тақырыптық кештер, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «Ортақ тарих, ортақ тағдыр - біртұтас ұлт» деген тақырыпта ғылыми-тәжірибелік конференция, Орал қаласындағы «Қазақ халқына мың алғыс» ескерткіші жанында түрлі ұлт өкілдері жастарының театрландырылған көрінісі, барлық ауруханалар мен емханаларда «Ақ халатты абзал жандар» атты ашық есік күндерін өткізу көзделуде. Бұл күндері жасы кішілер ақсақалдарға құрмет көрсетіп, бата алса, оқу орындарында «Алғыс айту - парызым» атты сабақтар, «Ата-анам - алтын тұғырым» атты суреттер көрмесі, сондай-ақ ел намысын абыроймен қорғап жүрген спортшылармен кездесулер ұйымдастырылады.
Облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Медхат Қамбетовтің сөзіне қарағанда, негізгі шара 1 наурыз күні Оралдағы Сырым Датұлы атындағы алаңда өтеді. Онда тәуелсіз Қазақ елінің ұлттық құндылықтарын, түрлі ұлт өкілдерінің тату-тәтті тірлігін паш ететін алты бөлімнен тұратын көрініс қойылып, ол «Сүйінші», «Көрімдік» сынды салт-дәстүрге ұласып, ақ батамен тәмамдалады.