БҚО-да алыс ауданды Оралмен жалғастыратын жол пайдалануға берілді
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында республикалық маңызы бар Казталов-Жәнібек-Ресей шекарасы автожолының 95-138 шақырым бөлігі пайдалануға берілді.

Жалпы құны 12,5 млрд теңгені құрайтын жобаның тапсырыс берушісі «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ болса, мердігері – «Теміржол жөндеу» ЖШС.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі Марат Махамбетовтің мәлім еткеніндей, ұзындығы 43 шақырымға екі қабаттан тұратын асфальт-бетон төселіп, су өткізгіш 17 құбыр орнатылды. Бұл жұмыстарға 85 арнайы техника мен 150-ден астам адам жұмылдырылды.
«Қазіргі кезде жол жиектерін нығайту, өтпелерді орнату мен жолды абаттандыру және жол белгілерін орнату жұмыстары жүргізілуде. Жобаға сәйкес модульді санитарлық-гигиеналық торабы бар, демалыс алаңдары да орнатылмақ. «Теміржол жөндеу» компаниясы сонымен қатар Жәнібек ауданы Өнеге ауылында жыл соңына дейін жол пайдалану пунктін салып бермек. Себебі Өнегеден Жәнібекке дейін 45, Бөкей ордасы ауданы орталығы Сайқынға дейін 100 шақырым, яғни жол осы арада түйіседі. Казталов-Жәнібек бағытындағы жолдың 0-95 шақырым учаскесін «Uniserv» ЖШС 30 қазанда толықтай аяқтамақшы. Сол секілді Өнеге-Бисен-Сайқын (103 шақырым) жолын «Атырау жолдары» ЖШС биыл бітіреді», - деді М.Махамбетов.
Осылайша, бұрын тұрғындар көктемгі және күзгі лайсаң кезінде Жәнібек пен Оралдың арасында қиындық көрсе, қазір 4-5 сағатта жетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да тарихи Хан ордасы ауылына апаратын жол салынатынын жазған едік.