БҚО-да алыс аудандарға жол салуға 20 млрд теңге қарастырылып отыр

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында алдағы жылы 20 млрд теңгеге Қазталов-Жәнібек-РФ шекарасы және Өнеге-Бисен-Сайқын жолдарын салу жалғасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бауыржан Айтмағамбетов өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлім еткендей, Елбасы тапсырмасына сәйкес «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында республикалық маңызы бар, шалғайдағы Бөкей ордасы, Жәнібек аудандарын облыс орталығымен жалғастыратын, жалпы ұзындығы 245 шақырымды құрайтын аталмыш жолдарды күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Биыл бұл мақсатқа 2,4 млрд теңге бөлінген болатын. Ал ұзындығы 35 км Чапаев-Жалпақтал-Қазталов-РФ шекарасы (157-192 км) жолы толықтай аяқталып, пайдалануға берілді.

Сондай-ақ биыл 1,8 млрд теңгеге жалпы ұзындығы 76 км Самара-Шымкент (215-251 км, 36 км) және Чапаев-Жалпақтал-Қазталов-РФ шекарасы (17-57 км, 40 км) автомобиль жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Басқарма басшысының сөзіне қарағанда, 2,7 млрд теңгеге облыстық маңызы бар Бөрлі-Ақсай-Жымпиты (139-159 км) жолын күрделі жөндеу жұмыстары жалғасын тапты. 15 км жолға жөндеу жүргізіліп, соның 10 шақырымы қолданысқа берілді.

Басқа да жолдарға осындай жөндеу жасалып, жыл қорытындысы бойынша жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті жолдардың үлесі 34 пайызға жетті.

2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында биыл 269,2 км республикалық, облыстық және аудандық жолдар жөндеуден өтті.

Сонымен қатар алдағы жылы облыстық және аудандық маңызы бар жолдарға 1,3 млрд теңге қаралып отыр. Бұған ұзындығы 50 км Барбастау-Ақжайық-Индер автомобиль жолын қайта жаңғыртуды бастау көзделуде (бөлінген қаражат – 800 млн теңге, жоба құны – 6,7 млрд теңге).

Оған қоса Шыңғырлау (Ащысай), Бөрлі (Пугачев), Бөкей ордасы (Бисен) және Жәнібек (Жасқайрат) ауданының жолдарын жөндеу жоспарлануда (бөлінгені – 520,6 млн теңге).


Соңғы жаңалықтар