БҚО-да ардагер журналист Мәжит Жаданов жер қойнына тапсырылды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Жаңақала ауданы орталығы Жаңақала ауылында өңірге танымал соғыс және еңбек ардагері, Қазақстанның құрметті журналисі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері Мәжит Жаданов жер қойнына тапсырылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Аудандық мәдениет үйінде өткен марқұммен қоштасудан кейінгі қаралы жиында аудан әкімі Лавр Хайретдинов 93 жасқа қараған шағында өмірден озған Мәжит Ғұмарұлының өмірбаянымен таныстырса, облыста басшы қызметтер атқарған еңбек ардагерлері Әділғазы Нұрғалиев, Жайсаң Ақбай, Мүсір Айтасов естелік-ойларымен бөлісті. Облыстық «Орал өңірі» газеті бас редакторының орынбасары Сырымбек Тұяқов «Жайық Пресс» ЖШС атынан марқұмның отбасы мен тума-туысқандарына көңіл айтты. Қаралы жиын барысында сондай-ақ Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов, Атырау облысының басшысы Нұрлан Ноғаев, Парламент депутаттары Рашит Ахметов, Бірғаным Әйтімова, Ерболат Мұқаев, Қабиболла Жақыпов, Кеңес Әбсатыров, Аманжан Жамалов, Шафхат Өтемісов, Бақтияр Мәкен, Снежанна Имашев және басқа танымал тұлғалардың аттарынан жолданған көңіл айту жеделхаттары оқылды.
Мәжит Жаданов 1924 жылы 19 қыркүйекте Жаңақала ауданының Дөңгелек елді мекенінде дүниеге келді. Жалпақтал орта мектебін бітіріп, 1942 жылы қызыл әскер қатарына шақырылады, 1943 жылдың 5 шілдесінде Воронеж майданының 680-атқыштар полкінің құрамында Орал - Курск иініндегі сұрапыл соғыстың қанды айқасына түсті. Онда Белгород, Белая Церковь қалаларын жау қолынан босатуға қатысты. 1945 жылы елге жеңіспен оралғаннан кейін Сакко орталау, Мәстексай орта мектептерінде мұғалім болып, еңбек жолын жалғастырды. 1949-1954 жылдары аудандық оқу бөлімінде мектеп инспекторы, Қазақстан КП аудандық комитетінде насихатшы, 1954-1961 жылдары «Екпінді құрылыс» (қазіргі «Орал өңірі») газетінің меншікті тілшісі болып қызмет істеді. Кейін Фурманов аудандық «Колхоз туы» газетінің редакторы қызметін атқарды. 1962 жылы облыстық партия комитетінің атынан шығатын «Коммунист» газетінің редакторы қызметін атқарып, оны аймақтың өндірістік басқармаға қарасты төрт ауданның (Фурманов, Қазталовка, Жәнібек, Жаңақала) оқырмандарына таралуын қамтамасыз етті. Мәжит Ғұмарұлы облыстық партия комитетінің жолдамасымен 1962-1964 жылдары Мәскеу қаласындағы СОКП Орталық комитеті жанындағы жоғары партия мектебінде оқыды. Оқу орнын тәмамдаған соң Фурманов аудандық партия комитеті хатшысының орынбасары, «Коммунист» газетінің редакторы, халық депутаттары Фурманов аудандық кеңесі атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметтерін атқарып, өзін ұйымдастырушылық, іскерлік қарым-қабілетін танытты. 1972-1986 жылдары халық депутаттары аудандық кеңесі атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарды. Мәжит Ғұмарұлының Отан алдындағы еңбегі Үкімет пен партия тарапынан өз бағасын алды. Ол бірнеше орден-медальмен марапатталды. Ол білімін жетілдіруден жалықпайтын, ізденімпаз жан еді. Қызмет істей жүріп, Орал қаласындағы А.Пушкин атындағы педагогикалық институтты бітірді.
Журналистика саласында жемісті еңбек еткен Мәжит Жаданов зейнетке шыққаннан кейін де талай замандастары жөнінде мақалалар жазды. Ол бұл жөнінен ерінбейтін. Тіпті Жаңақала, Орал қаласы ғана емес, басқа аудандардан да Мәжит Жаданов жазған мақалалар редакцияларға түсіп жататын.
