БҚО-да ат спорты мектебінің жастары ту көтеріп шықты
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстанның Бөкей ордасы ауданында жаңадан ашылған ат спорты мектебінің жастары ту көтеріп шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сайқын ауылында ат спорты мектебінің ашылу рәсімінде ту көтеріп, ауланы айналған жастар мерекеге ерекше рең берді.
Осылайша олар елімізде кең көлемде өтіп жатқан «Менің туым – менің Отаным!» іс-шарасына қосылды.
Тәуелсіздік мерекесіне орай өткен мектептің ашылу рәсімінде аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов бабаларымыздың кең байтақ қазақ жерін ат үстінде жүріп қорғап қалғанын, байырғы тұрмыс-салтымыз осы өнерге байланысты екендігін жеткізді.
«Жас ұрпақ төл дәстүрімізге адалдық танытып, ұлттық спорт түрлерімен дендеп айналысса, олардың рухы мықты, айбыны асқақ болары анық», деді аудан басшысы.

Аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Дмитрий Семилидидің айтуынша, теңге алу, аударыспақ, жамбы ату, көкпар секілді ұлттық ойындарға баулитын үйірмелерге әзірге 25 бала қабылданды. Мейрамнан кейін олардың қатары 30-ға жетпек. Ат спорты мектебінде сегіз адам жұмыс істейді. Тағы бір білікті жаттықтырушыны қызметке алу жоспарлануда. Жылқы саны да көбейеді.

«Біздің спорт мектебінің ашылғанына биыл 35 жыл толады. Өзім де осыншама уақыт бойы басшылық етіп келемін. Туып-өскен жеріміз тарихи Бөкей ордасы ауданы, Сайқын ауылы болғандықтан, осы өңірдің мәртебесін көтеріп, абыройын асыру – басты мұратымыз. Жуырда ауданымызда жаңадан дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылмақшы. Мұның бәрі тұрғындардың, әсіресе, жастарымыздың спортпен дендеп айналысып, дендері сау болып, еліміздің дамуына өз үлестерін қосуға септігін тигізетіні хақ», деді ҚазАқпарат тілшісіне ұлты грек болса да, өзін қазақ сезінетін Дмитрий Семилиди.


