БҚО-да ауа райына байланысты тағы да ескерту жарияланды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - «Қазгидромет» РМК БҚО филиалының мәліметіне қарағанда, 19-21 ақпан күндері өңірдің кей жерлерінде қар жауып, бұрқасын көтеріліп, оңтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 15-20, екпіні 23 метрге жетпек, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Орал қаласында да қар жауып, бұрқасындатып, жел күшейеді. Осыған орай БҚО ТЖ департаменті ескерту жариялады. Облыс аумағында тұрғындар арасында төтенше жағдайларға жол бермеу мақсатында тиісті шаралар алынуда.
Айта кетейік, өңірде биыл қыс қарлы, боранды болып тұр. Бұдан бұрын осы ақпан айының өзінде 2-3, 5 және 15-16 ақпан күндері ауа райы бұзылатыны жөнінде алдын ала ескертілген еді. Өкінішке қарай, адам өліміне соқтырған оқиғалар да кездесті. 1 ақпан күні Ақжайық ауданында бір және 16 ақпанда Қаратөбеде далада үсіп кеткен екі адамның мүрделері табылды.