БҚО-да аудан орталығы отыз жыл жиналмаған қоқыстан тазартылды
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы прокуратурасының бастамасымен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ауқымды тазалық жұмыстары ұйымдастырылды.
БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, аудан прокуратурасы жергілікті атқарушы органдардың қызметін үйлестіре отырып, аудан орталығы Чапаев ауылын 30 жылдан астам уақыт бойы жиналған қоқыстардан тазартты.
— Игі бастаманы кәсіпкерлер, кәсіпорындар мен ауыл тұрғындары белсенді қолдады. Небәрі екі күнде 1 100 тонна күл-қоқыс арнайы полигонға шығарылды. Бұл — тек аумақты қоқыстан тазарту ғана емес, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы орта қалыптастыруға, елді мекеннің санитарлық жағдайын жақсартуға және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған маңызды қадам, — деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда стихиялық қоқыс алаңында мұнай компаниясының құжаттары шашылып жатқанын жазған едік.