БҚО-да аудандық газеттің бастамасымен жалғызбасты әйелге баспана алынып берілді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Қазталов ауданы Жалпақтал ауылында тұратын Гүлшат Нұғмановаға аудандық газеттің бастамасымен баспана алынып берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жайық Пресс» ЖШС Қазталов аудандық «Ауыл айнасы» газетінің директор-редакторы Қайрат Жақыптың айтуынша, бұған газет тілшісі Жұлдыз Асқардың сіңірген еңбегі мол.

Бұдан бұрын да қайырымдылық шараларын ұйымдастырып жүрген Жұлдыз биылғы қыста қабырғасы құлаған қуықтай ескі үйді паналап отырған жалғызбасты ананың жай-күйімен танысып, оны газет бетіне жазды.

Аудандық газеттің ақпан айында бастаған «Асар» қайырымдылық эстафетасы мәреге жетті. Бұған республикалық «Харекет» қайырымдылық қоры (директоры Гүлмира Мұқанқызы, БҚО-дағы өкілі Демежан Меңдешов) сүбелі үлес қосып, 700 мың теңге аударды. Сондай-ақ Жалпақтал ауылының жастары шет қалмады.

Барлығы 1,3 млн астам теңге жиналып, жалғызбасты анаға үш бөлмелі үй алынып берілді. Оған қоса үйдің іші су жаңа дүниелермен қамтылды.

«Қақаған қыста жылуы жоқ суық үйде бүрісіп отырған ананың халі жанымызды аяздай қарыды. Содан бастап ол кісіге үй алып берсек деген ой туды. Гүлшат апайдың бір қызы тұрмыста, мүгедек екі баласымен тұрады. Қайырымдылық эстафетасы кезінде жалпақталдық жастар Болатбек Сарманов пен ұстаз Ардақ Жангелді бастан-аяқ жанымда болды. Міне, осындай қайырымды жандардың бірлесе қимылдауы нәтижесінде қасиетті Рамазан айында жалғызбасты анаға баспана алып бердік. Гүлшат апайдың қолұшын созған барша азаматтарға алғысы шексіз», дейді Жұлдыз Асқар.


Соңғы жаңалықтар