БҚО-да ауылдағы қоқыс полигонынан медициналық қалдықтар табылды
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы Байқоныс ауылы тұрғындарының қоқыс аумағынан қан сынамалары мен шприцтерді тауып алғаны жөнінде бейнежазба жарияланды.
Қоғам белсендісі Алмагүл Иқсанованың Instagram әлеуметтік желісінде мәлім еткеніндей, қауіпті медициналық қалдықтардан адамдардың ауру жұқтыруы ықтимал.
– Оқиға орнына прокуратура өкілдерін шақырып, тиісті шара алынуын сұрадық. Медициналық қалдықтар лақтырылған жерден өзен де қашық емес, - дейді А.Иқсанова.
Осыған байланысты Kazinform тілшісі БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне арнайы сауал жолдады.
Бәйтерек ауданы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мәліметінше, 5 маусым күні Байқоныс ауылындағы қоқыс аумағынан медициналық қалдықтар, соның ішінде қолданылған шприцтер, биологиялық материалы бар пробиркалар табылған.
Хабар түскеннен кейін басқарма мамандары полиция және басқа мүдделі мемлекеттік органдар қызметкерлерімен бірге оқиға орнына шұғыл жетті. Тексеру барысында медициналық қалдықтардың төгілгені расталды.
– Аталған дерек бойынша материал полиция органында тіркелді. Тексеру жүргізіліп, оқиғаның толық мән-жайы анықталу үстінде. Алдын ала мәлімет бойынша медициналық қалдықтарды жинау және жоюмен айналысатын ұйым қалдықтарды апаруы мүмкін. Қазіргі кезде аталған аумақ тиісті органдардың бақылауында. Тексеріс қорытындысына сәйкес кінәлі адамдардың әрекетіне құқықтық баға беріліп, ҚР заңнамасы талаптарына сәйкес шара қолданылады. Тексеріс қорытындысына сәйкес қосымша ақпарат беріледі, - делінген ресми жауапта.
Бәйтерек ауданы әкімдігінің нақтылауынша, 4 маусым күні сағат 23.30 шамасында Байқоныс ауылдық округі аумағында орналасқан қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына «ГАЗель» автокөлігімен қалдықтарды заңсыз төгу дерегі анықталды.
Әкімдік мәліметіне қарағанда, тексеру барысында аталған адам медициналық мақсатта пайдаланылған сынама алу пробиркаларын, бейнеампулаларды және өзге де медициналық қалдықтарды төгу кезінде құқық қорғау органдары қызметкерлерімен оқиға орнында ұсталды.
Оқиға орнына аудан прокуратурасының және санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының өкілдері келіп, тиісті тексеру жұмыстарын жүргізді. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша барлық мән-жайлар анықталуда, тергеу амалдары жалғасуда. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің мамандары тарапынан тиісті әкімшілік хаттама толтырылды.
– Аталған іс бойынша құқық қорғау органдары тергеу жұмыстарын жүргізуде. Жағдай жергілікті атқарушы органдардың тұрақты бақылауында, - делінген аудан әкімдігі жіберген ақпаратта.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да тазарту қондырғысы жанында кәріз суы далаға ағып жатқанын жазған едік.