БҚО-да ауызсудың сапасын бақылау барысында 80 сынама талапқа сай келмеді

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті аумақтық бөлімшелерінің мамандары атмосфералық ауаның сапасына санитариялық-химиялық көрсеткіштер бойынша мониторинг жүргізді.

вода
Фото: Kazinform / Pexels / Freepik

Департамент басшысының міндетін атқарушы Гүлдана Керееваның Kazinform тілшісін мәлім еткеніндей, биылғы тоғыз ай ішінде атмосфералық ауаның 31 830 сынамасы зерттелді.

Гүлдана Қайыржанқызының сөзіне қарағанда, соның ішінде 18 сынамада (0,05 пайыз) белгіленген гигиеналық нормативтерден ауытқулар анықталды.

— Сонымен қатар ауыз судың сапасын бақылау барысында микробиологиялық көрсеткіштер бойынша 2 468 сынама зерттелді. Оның ішінде 80 сынама (3,2 пайыз) гигиеналық нормативтерге сәйкес келмеді. Сол секілді санитариялық-химиялық көрсеткіштер бойынша зерттелген 2 454 сынаманың 147-сінде (6,0 пайыз) ауытқулар бар екені белгілі болды, — дейді Гүлдана Кереева.

Оның айтуынша, санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг халықтың өмір сүру ортасының қауіпсіздігін бағалауға және санитариялық талаптардың сақталуын бақылауға бағытталған. Сондықтан мұндай мониторингті жүргізудің маңызы зор. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да жіті ішек жұқпасымен ауырғандар саны 300-ден асқанын жазған едік.