БҚО-да ауыл кәсіпкерлеріне 600 млн теңге берілмек
Аталған меморандум БҚО ауылдары мен моноқаласында шағын кәсіпкерлік нысандарына қолдау көрсетуді көздейді. Келісім аясында 600 млн теңге көлемінде шағын несиелер берілмекші.
«Шағын несиелеуге қор тарапынан 300 млн және БҚО әкімдігі тарапынан 300 млн теңге бөлініп отыр. Бұл қаражат шаруа және фермерлік шаруашылықтарға, жеке кәсіпкерлерге шағын және орта бизнесті несиелеуге бағытталады. Несие беру шарттары өте қолайлы: жаңа бизнеске 5 млн теңгеге дейін несиелер, бұрыннан бар бизнесті кеңейту үшін 8 000 АЕК-ке дейін несие берілетін болады. Несие мерзімі - 4,5 жылға дейін, пайыздық мөлшерлемесі - 6 пайыз, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 6,7 пайыздан аспайды, - деді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Бақыт Құдасбаева.
Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысында аталмыш қордың қатысуымен 25 (мұның 22-сі ет, үшеуі сүт бағытындағы) ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Олар 1093 шағын шаруашылықты біріктіріп отыр. Қазіргі таңда 6 батысқазақстандық кооператив 90,5 млн теңге, кооперативке кірген 660 шаруашылық 1 млрд 980 млн теңге көлемінде несие алды. Қор қаражатының көмегімен модульдік мал сою және сүт қабылдау бекеттері, 2,6 мыңнан астам мал басы сатып алынды.