БҚО-да ауыл мектебі күрделі жөндеуден өткізілді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Тасқала ауданы Шежін мектеп-балабақшасының күрделі жөндеуден өткізілген ғимаратында жаңа оқу жылы басталды.

БҚО-да ауыл мектебі күрделі жөндеуден өткізілді

Алғашқы қоңырау салтанатына қатысқан аудан әкімі Санжар Әлиевтің атап өткеніндей, Елбасы тапсырмасына сәйкес елімізде білім саласына айрықша көңіл бөлінуде. Соның бір дәлелі, биыл республикалық бюджеттен Шежін мектебінің ғимаратын күрделі жөндеуге 101,5 млн теңге бөлінді. Нәтижесінде ауыл балалары жаңартылған білім ордасында оқуға мүмкіндік алды.

Салтанатты шара барысында 1-сынып оқушыларына Елбасының «Менің Отаным - Қазақстан» атты кітабы табыс етілді. Барлық мектеп оқушылары «Мен өз Отанымның патриотымын» атты алғашқы сабаққа қатысты.

Аудандық білім беру бөлімінен алынған мәліметке қарағанда, 2006 жылғы білім бюджеті 1673,9 млн теңгені құрады. Мектептердің материалдық базасын жаңартуға, соның ішінде жаңа компьютермен қамтамасыз етуге жергілікті бюджеттен 18,816 млн теңге, бейнекамера алуға 10,8 млн теңге (жергілікті қазынадан - 4,4 млн теңге, республикалық бюджеттен - 6,4 млн теңге), оқулық алуға 19,639 млн теңге қарастырылды. Жергілікті бюджеттен ауданның тоғыз мектебін 135 робот техникасы жабдықтарымен қамтуға 26,325 млн теңге және мұғалімдерді оқытуға 193 мың теңге, үш тілде білім беруге көшу аясында 19 ұстазды оқытуға 665 мың теңге, кешенді электронды оқытуға 1,33 млн теңге, жасөспірімдер арасында суицидтің алдын алу жобасына педагогтарды дайындауға 503 мың теңге бөлініп, игерілуде.

Ауданда 1-сыныпқа 277 оқушы қабылданса, соның 243-і қазақ сыныбында білім алады.

null null null