БҚО-да ауыл шаруашылығындағы инвестиция көлемі бес есеге өсті

Облыс әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, өткен жылғы жеті айда бұл салаға 354 млн теңге салынса, биыл 2 млрд теңгеге жетті. Мысалы, өңірде қуаттылығы жылына 7 мың тонна ет өндіретін жаңа құс фабрикасы, ірі қара және ұсақ мал терісін өңдейтін зауыт, макарон фабрикасы салынуда.
Жалпы, агроөнеркәсіп кешенін дамыту мақсатында 7,2 млрд теңге демеуқаржы бөлініп отыр.
Елбасы ауыл шаруашылығы саласында жаңа егіс алқаптарын игеру, пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару, өндіріс және тұтыну кооперативтерін құру, ветеринарлық қауіпсіздікті күшейту, суландыру құрылыстарын қайта қалпына келтіру, АӨК өнімдерінің көлемі мен өңдеу сапасын арттыру туралы нақты тапсырма берген болатын. Осы орайда ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 0,6 пайызға өсіп, 56 млрд теңгеге жетті. Өсімдік шаруашылығында егіс алқабы жарты миллион гектарды құраса, соның тең жартысы - дәнді дақылдар. Биыл егіннен алынатын өнім өткен жылғыдан (309,8 мың тонна) 10 пайызға артық болады деп болжануда.
Күні бүгін 42 кооператив құрылып, оның 31-і жиырмадан астам мүшені біріктіріп отыр. Жылдық жоспар артығымен орындалды. Аудан әкімдерінің алдында кооперативтерді қажетті техникамен, ресурстармен және инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселесі тұр. Мұның басым бөлігі агробизнесті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар аясында қамтылады.
Суармалы алқаптар екі есеге артып, 72 мың гектар (2016 жылы - 32 мың га) болды. Биыл жалпы қүны 800 млн теңгеге алты бірдей суармалы құрылыс қалпына келтірілуде. Алдағы бесжылдықта жоспарланып отырған құрылыс нысандарын іске қосу суармалы жерлердің көлемін 145 мың гектарға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Агроөнеркәсіп кешені өнімдерін қайта өңдеу көлемін арттыру бойынша да жұмыстар жүруде. Мәселен, иран кәсіпкерлерімен тығыз қарым-қатынас орнатылып, 1500 тонна қой етін экспорттау жөнінде келісім жасалды. Бүгінде соның алғашқы партиясы (20 тонна) жөнелтілді.
Айта кетейік, жеті айдың ішінде жақын және алыс шетелдерге 21 мың тонна астық (бұл 2016 жылғы деңгейден 4 есеге көп) және 20 мың тонна бидай (2016 жылғы деңгейден 2,2 есеге артық), сондай-ақ 1 мың тоннадан артық ет және ет өнімдері (15,3 пайызға кем) экспортталды.