БҚО-да «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында 50 нысан салынбақ
БҚО құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиевтің мәлім еткеніндей, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өңірде елді мекендерде екі жыл ішінде алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандары (дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункт, медициналық пункт) бой көтеретін болады.
Оның сөзіне қарағанда, биыл 24 нысан құрылысын бастау жоспарланған. Соның ішінде 12-сінің құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуге республикалық бюджеттен 3,6 млрд теңге бөлініп, мердігерлері анықталды. Қазіргі таңда құрылыс басталып жатыр.
Сондай-ақ 2 медициналық нысан бойынша республикалық бюджеттен қаржыландыруға бюджеттік өтінім жолданып, жергілікті қазына есебінен конкурстық рәсімдері жүргізілуде. Үш эталондық жоба сараптамадан өткізілуде. Қалған 7 жоба бойынша жобалау-сметалық құжаттама жасалады.
Сонымен қатар 2024 жылға жоспарланған 26 нысан бойынша жер телімдері толығымын рәсімделді, сәулет-жоспарлау тапсырмасы мен техникалық шарттар алу бағытында жұмыстар жүргізілуде.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы аясында облыста қос бірдей ауданаралық аурухана салынғалы отыр. Атап айтқанда, Казталов аудандық ауруханасы ғимаратын қайта жаңарту бойынша конкурстық жұмыстар аяқталды. Жобалаушы мекеме – «Промэнергопроект» ЖШС. Келісімшарт құны – 31,013 млн теңге. Сол секілді Ақсай қаласында Бөрлі аудандық ауруханасы ғимаратында қосымша құрылыс салудың да жобалаушы мекемесі анықталды. «ГРАДОПРОЕКТ» ЖШС-мен 31,377 млн теңгеге келісімшарт жасалды. Екі нысан бойынша да жобалау мерзімі – 6 ай. Жыл соңына дейін жобаны жасақтап, құрылыс жұмыстарын 2024 жылы бастау көзделіп отыр», деді Әлібек Антазиев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда биыл үш мектептің құрылысы аяқталатынын жазған едік.