БҚО-да автокөлік қағып кеткен ер адам қаза тапты

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысының Ақсай қаласында автокөлік қағып кеткен ер адам қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО-да автокөлік қағып кеткен ер адам қаза тапты

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың айтуынша, оқиға 23 ақпан күні кешкісін орын алды.

Сағат 18.58-де жедел жәрдемге қоңырау түскен. Оқиға куәгері болған қыз Теміржол көшесінде жаяу жүргіншіні автокөлік қағып кеткенін хабарлаған.

Марқұм жедел жәрдем келгенше қайтыс болып кеткен.

Бейнежазбадан ер адамның автокөліктен түскені анық көрінеді. Содан кейін жолды кесіп өтпек болғанда, тағы бір автокөлік қағып кеткен.

Айта кетейік, бұдан бұрын, 22 ақпан күні Орал-Атырау жолы бойында қалаға қарасты Серебряков кентіне бұрылар тұста екі жеңіл көлік түйісіп, төрт адам жарақат алған еді. 1934, 1989, 1997 жылғы ер және 1960 жылғы әйел адам облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізілді. Жарақаттары ауыр болмағандықтан, кейін бәрі амбулаторлық ем алуға жіберілді.