БҚО-да автокөліктердің жаяу жүргіншіні қағып кетуі жиіледі
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында автокөліктердің қараңғы уақытта жаяу жүргіншіні қағып кетуі жиіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, адам өліміне соқтырған қос бірдей оқиға орын алды.
18 мамыр күні шамамен сағат 04.30-да белгісіз біреу Орал-Атырау жолы бойында Богатск ауылы тұсында 1995 жылғы жаяу жүргіншіні автокөлігімен қағып кетіп, оқиға орнынан бой тасалаған.
Жүргінші сол жерде қаза тапқан.
Бәйтерек ауданы полиция бөлімі жүргізген іздестіру шаралары барысында жол-көлік оқиғасын жасаған күдікті анықталды. Ол Орал қаласының 1979 жылғы тұрғыны болып шықты.
Сол секілді 25 мамыр күні шамамен сағат 23.00-де Самара-Шымкент жолы бойында Теректі ауданы Жаңаөмір ауылы тұсында «Тойота Хайлюкс» авткөлігінің 1959 жылғы жүргізушісі 1970 жылғы жүргіншіні қағып кеткен. Ол да оқиға орнында мерт болды.
Аталған деректер бойынша ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес (абайсызда адам өліміне соқтырған жол қозғалысы ережесін бұзу) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.