БҚО-да аз қамтылған отбасы балалары лагерьде 50 пайыз жеңілдікпен демала алады
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында әлеуметтік аз қамтылған отбасы балалары лагерьде 50 пайыз жеңілдікпен демала алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу барысында облыстың барлық ақылы лагерьлерінде жеңілдікті режим белгіленбегені анықталған.
БҚО-да балалардың жазғы лагерьлеріндегі жеңілдіктер халықтың әлеуметтік осал топтарындағы балалардың барлық санаттары үшін 50 пайызға дейін ұлғайтылды.
«Бұл ретте «Білім туралы» Заңға сәйкес мемлекет әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтардың олардың білім алуы кезеңіндегі қаржы шығыстарын толық немесе ішінара өтейді. Қазіргі уақытта облыста аталған санаттағы балалардың саны – 12 627, соның ішінде 1 355-і қосымша білім беру ұйымдарына барады. Осы лагерьлерде («Еуразия» туристік-сауықтыру кешені, «Самал» туристік лагері, «Дарын» қосымша білім беру орталығы, «Атамекен» балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығы) 50 пайыз жеңілдіктерді қолдану туралы толық ақпаратты БҚО-ның білім басқармасына жүгіну арқылы алуға болады», деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 680 балалар лагері жұмыс істеп тұрғанын жазған едік.