БҚО-да азаматтық некедегі күйеуін өлтірген әйел 10 жылға сотталды

ОРАЛ. KAZINFORM — БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты алқабилердің қатысуымен азаматтық некедегі күйеуін өлтірген әйелге қатысты ҚК-нің 99-бабының 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық іске нүкте қойды. 

БҚО-да азаматтық некедегі күйеуін өлтірген әйел 10 жылға сотталды
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, биылғы 3 қаңтарда шамамен 18.00-де Теректі ауданы Төңкеріс ауылында аталмыш тұрғын өз үйінің ас бөлмесінде кешкі ас дайындап жүрген.

Осы уақытта азаматтық некедегі күйеуі масаң күйінде үйге келіп, кикілжің шығарып, оның тамағынан қылғындырған. Кейін қонақ бөлмедегі диванға жатып, әйеліне қатысты балағат сөздер айтқан. 

Бұдан кейін әйел кикілжіңді себеп қылып, пышақпен жәбірленушінің өміріне қауіпті, сол жақ кеуде тұсына бір мәрте соққы жасап, жүрегін зақымдаған. Алған дене жарақатынан ер адам оқиға орнында қайтыс болған, ал әйел үйден қашып кеткен.

— Жаза тағайындау кезінде сот және алқабилер сотталушының іс-әрекетінде жауаптылық пен жазаны жеңілдететін немесе ауырлататын мән-жәйлардың жоқтығын ескерді. Сот алқабилердің айыптау кесімін негізге алып, аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталушыға 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкім заңды күшіне енді, — деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да сотпен ақталған тұрғын 3 млн теңге өндіріп алғанын жазған едік.