БҚО-да азаматтық некедегі әйелін өлтірген тұрғынға үкім шықты
Соттың баспасөз қызметі мәлім еткендей, А.Кошиков ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігіне сәйкес айыпты деп танылып, 13 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Сотталушының жазасын қауіпсіздігі төтенше қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеу белгіленді.
Сот үкім шығарған кезде қылмыстың сипаты мен қоғамға қауіптілігін, сотталушының тұрғылықты мекен-жайы бойынша теріс мінездемесін, оның қылмыс жасағаннан кейінгі мінез-құлқын, жәбірленуші Е.Бондаренконың ең қатаң жазаны тағайындау жөніндегі пікірін ескерді.
Сот талқысында мәлім болғанындай, А.Кошиков биылғы 2 тамызда шамамен сағат 01.00-де өз үйінде бірге тұратын Н.Зуенкомен арақ ішкен. Соның салдарынан екеуінің арасында кикілжің туындаған. Жанжал кезінде А.Кошиков Н.Зуенконы ұрып-соғып, үйден шығарып жіберген. Азаматтық некедегі әйелі пәтерге кіргізуін өтініп, есікті ұрғылаған кезде А.Кошиков пышақпен соққылар жасаған.
Алған дене жарақаттарынан Н.Зуенко оқиға орнында көз жұмды.
А.Кошиковтің кінәсі сотта толық дәлелденді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да үйдің жертөлесінен ер адамның мүрдесі табылғанын жазған едік.