БҚО-да балаларды тамақтандыру бойынша 37 млн теңге тұратын 12 конкурстың күші жойылды

ОРАЛ. KAZINFORM — Жәнібек ауданының білім беру бөлімі биылғы 29 қаңтарда 1-4 сыныптарда оқитын 731 балаға тамақ ұйымдастыру бойынша 37 млн 608,176 мың теңгеге 12 конкурс жариялады. 

БҚО-да балаларды тамақтандыру бойынша 37 млн теңге тұратын 12 конкурстың күші жойылды
Фото: Kazinform

БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, конкурстық құжаттаманы зерделеу барысында білім бөлімі әзірлеген перспективалық мәзірдің санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келмейтіні анықталды.

Атап айтқанда, кейбір күндері балалардың күнделікті рационында болуы тиіс сүт, қант және май көрсетілмеген.

Сонымен қатар мәзірге 5 компоненттен тұратын күрделі салат енгізілген. Бұл Денсаулық сақтау министрінің «Қоғамдық тамақтану объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитарлық қағидаларын бекіту туралы бұйрығының талаптарын бұзу болып есептеледі.

Сондай-ақ тиісті 200 грамм шырынның орнына аталмыш мәзірде осы сусынның көлемі төмендетілген. Яғни 165 грамм болып кеткен.

— Жәнібек ауданы прокуратурасының наразылығы бойынша конкурстардың күші жойылды. Аудан прокуратурасы қадағалау қызметі аясында мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнаманың сақталуын бақылауды жалғастыруда, - деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да субсидия беру кезінде мемлекетке 7 миллионға жуық теңге шығын келтірілгенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар