БҚО-да «Бастау бизнес» жобасы бойынша 2 мыңнан астам адам білім алмақ

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында «Бастау бизнес» жобасы бойынша 2 мыңнан астам адам білім алмақ, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі. 

БҚО-да «Бастау бизнес» жобасы бойынша 2 мыңнан астам адам білім алмақ

Облыс әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, инновациялық бизнес жобаларды жүзеге асыру үшін 100 АЕК-тен аспайтын гранттар бөлінетін болады.
Мемлекет басшысы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінде шағын несие беруді көбейтуге арнайы тоқталғаны белгілі.

Елбасы 2017 жылы жалпы сомасы 32 млрд теңге болатын 7200 шағын несие берілгенін атап өткен болатын. Орта және шағын бизнес - кез келген мемлекет экономикасының алтын тірегі. Президенттің 2050 жылға қарай ішкі жалпы өнімдегі орта және шағын бизнестің үлесін 50 процентке дейін жеткізу туралы нақты тапсырмасы бар. Қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысында бұл көрсеткіш 42 процентті құрайды.

Облыста кәсіпкерлер бастамаларын қолдауға бағытталған «Бастау бизнес» жобасы белсенді жүзеге асырылуда. Мысалы, өткен жылдан бастап қолға алынған Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында өңірде 2,5 млрд теңге бөлінді. 300-ден астам тұрғын өз кәсібін ашса, 938 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқып шықты. «Бастау бизнес» бойынша қаржыландырылған жобалардың 80 пайызы ауыл шаруашылығы саласымен байланысты.

Елбасы тапсырмасына сәйкес биыл бизнесті шағын несиелеуге 5 млрд шамасында теңге бөлінеді. Бұл облыс тұрғындарының іскерлік қабілетін көтеруге ықпал ететіні сөзсіз.

«Президент бастамасы екі негізгі мәселені шешуге септеседі, бірі - әлеуметтік (тұрғындарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлерді ынталандыру), екіншісі - экономикалық (бизнес қызметі саласын кеңейту, жаңа жұмыс орындарын ашу және кәсіпкерлік нысандарының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету). Осы бағытта нақты жоспарлы жұмыстар атқарылатын болады», деді өңір басшысы.

Фото: zhaikpress.kz