БҚО-да бір күнде 3 адам өндірістік жарақат алып, біреуі қаза тапты

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында бір күнде үш адам өндірістік жарақат алып, біреуі қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО-да бір күнде 3 адам өндірістік жарақат алып, біреуі қаза тапты

БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, қайғылы оқиға кеше қалаға жақын орналасқан Теректі ауданы Тоқпай ауылында болды.

Сағат 15.52-де «Қаз-Хол» компаниясы салып жатқан тұрғын үйде тас қалаушы болып жұмыс істеген 47 жастағы ер адам құлап, басынан жарақат алған. Ол ес-түссіз күйде облыстық көпбейінді ауруханаға апара жатқан кезде жедел жәрдем көлігінде көз жұмды.

Тағы бір оқиға Орал қаласында Петровский көшесі 105-мекенжайында болды. Сағат 11.54-те 48 жастағы жұмысшы биіктігі 3 метр төбеден құлаған. Басы мен омыртқасынан жарақат алған ер адам облыстық көпбейінді аурухананың хирургиялық бөлімшесіне жеткізілді.

«Жәңгір хан» сауда үйінде бейнебақылау жүйесінде оператор болып жасайтын 29 жастағы әйел сағат 23.00-де құлап, шүйдесін соғып алған. Ол да облыстық аурухананың жарақат пунктіне жеткізілді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда вагоннан құлаған жұмысшы мерт болғанын жазған едік.