БҚО-да бір күнде екі тұрғын үй өртенді

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында бір күнде қос бірдей тұрғын үй өртенді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО-да бір күнде екі тұрғын үй өртенді

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, бұл үйлердің екеуінде де газ баллондарының жарылу қаупі болды.

Кеше сағат 17.58-де Оралда Махамбет ақын көшесі 6-үй 3-пәтерде өрт шықты.

Үйдің төбесі мен жеке заттар жанды. Аумағы 15 шаршы метрді қамтыған өрт орнынан 3 газ баллоны шығарылды.

10 адам, 3 техниканың қатысуымен «тілсіз жау» сағат 19.02-де ауыздықталды.

Сондай-ақ сағат 21.50-де Теректі ауданы Приречный ауылы Набережная көшесі 12-үйдің өртенгені жөнінде хабар түсті. Үйдің төбесі мен ағаш жақтаулары жанып, аумағы 36 шаршы метрді қамтыды.

Өрт сөндірушілер бұл үйден де бір газ баллонын алып шықты.

Өрт (5 адам, 1 техника) бүгін сағат 00.20-да сөндірілді.

Қазіргі кезде өрттің шығу себебі, кінәлі адамдар, келтірілген шығын анықталу үстінде.

БҚО ТЖ департаменті газ баллондарынан келетін қауіптің қыс күндерінде арта түсетіндігін, сондықтан сақтық шараларын ұстанудың қажеттігін ескертеді.