БҚО-да бір мезгілде 5 үйдің ауласы өртенді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында бір мезгілде бес үйдің ауласы өртенді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға Бәйтерек ауданы Достық ауылында болды.

Бүгін сағат 00.41-де ауыл тұрғынынан өрт туралы хабар түскен.

Мұнайшылар көшесі 1-мекенжайда 9 тонна пішен күлге айналды.

Тәуелсіздік көшесі 21/А-мекенжайында 120 шаршы метрді қамтыған шаруашылық құрылысы, 1 тонна жем (бидай) мен 15 тонна пішен отқа оранды.

Пионер көшесі 26-үй 1-пәтерде 60 шаршы метрді қамтыған, құжаттары жоқ шаруашылық құрылысының төбесі және 12,5 тонна пішен өртенді.

Ә.Молдағұлова көшесі 6-үйде 100 шаршы метр құжаттары жоқ шаруашылық құрылысы, 9,6 тонна пішен және 1 бас ірі қара жанып кеткен.

Құрылысшылар көшесі 2-үйде 80 шаршы метр құжаттары жоқ шаруашылық ауласы, 20 тонна сабан, 7 торай, 12 күркетауық және 15 тауық өрт құрсауында қалды.

Өрт сағат 06.41-де оқшауланып, 08.38-де сөндірілді.

Бәйтерек ауданы ТЖ бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Қайрат Жұмағалиевтің айтуынша, «тілсіз жауды» ауыздықтауға 4 өрт бөлімшесі, 8 техника, 30 қызметкер жұмылдырылды. Оқиға орнында аудандық ТЖ бөлімі қызметкерлері мен өрт сөндірушілерден штаб құрылды.

Алдын ала жорамал бойынша өрт қасақана от қоюдан шыққан.

Қазіргі кезде нақты себебі, келтірілген шығын, кінәлі адамдар анықталу үстінде.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда үш адамның газдан уланып, ауруханаға жеткізілгенін жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар