БҚО-да бірнеше департаменттің басшысы ауысты
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Мақсат Қожабаев ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бұйрығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) БҚО бойынша департаментінің басшысы болып тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мақсат Аманқұлұлы 1974 жылы дүниеге келген, білімі жоғары, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін заңгер мамандығы бойынша бітірген.
1997-2008 жылдарда ол прокуратура органдарында басшылық қызмет атқарды. Сондай-ақ 2008-2009 жылдарда Оңтүстік Қазақстан облысы прокурорының орынбасары, 2009-2011 жылдары Алматы қаласы прокурорының орынбасары, 2011-2012 жылдары Шығыс Қазақстан облысы прокурорының орынбасары болды.
2012-2014 жылдар аралығында Қызылорда облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментін (қаржы полициясы) басқарды.
2014-2016 жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы болып қызмет атқарды.
Айта кетейік, жуырда сонымен қатар тағы екі департаменттің басшысы өзгерген болатын. Атап айтқанда, Ербол Бисенұлы Қуанов ҚР Энергетика министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитеті Батыс Қазақстан облысы бойынша экология департаментінің басшысы болып тағайындалды. Ол 1981 жылы дүниеге келген. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін және Атырау мұнай және газ институтын заңгер, мұнай-газ ісі мамандықтары бойынша бітірген. Ербол Қуанов 2002-2003 жылдары аралығында Атырау қаласы әкімі аппаратында бас маман-заңгер лауазымында істеді. 2003-2009 жылдары Атырау облыстық аумақтық қоршаған ортаны қорғау басқармасында бас маман, бөлім басшысы, 2009-2012 жылдары Атырау облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бастығы болды. 2012-2016 жылдары Атырау облысы бойынша экология департаментінің басшысы қызметін атқарды.
Сонымен қатар 2012-2016 жылдары Павлодар облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментін басқарған Амангелді Кинешпайұлы Қаленов БҚО-ға дәл осындай қызметке келді. Бұл туралы осыған дейін ҚазАқпарат хабарлаған болатын.