БҚО-да боран соғатыны жөнінде ескерту жарияланды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - «Қазгидромет» РМК БҚО филиалының мәліметіне сәйкес БҚО-ның кей жерлерінде 20-22 қаңтар күндері қар жауып, боран соғады және батыс, солтүстік-батыстан соққан желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін жетуі ықтимал, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің жедел кезекшісі, азаматтық қорғау майоры Нұрболат Мұқажановтың айтуынша, осы күндері Оралда да қар жауып, бұрқасын көтерілмек. Батыс, солтүстік-батыстан соққан желдің екпіні секундына 18 метрге дейін жетпек.
«Осыған байланысты тұрғындар арасында төтенше жағдайларға жол бермеу мақсатында ескерту жарияланып, тиісті шаралар алынуда. Өмірлік маңызы бар нысандардың, электр және байланыс жүйелерінің іркіліссіз жұмысын қамтамасыз ету бақылануда. Төтенше жағдайға қарсы тұру үшін күш-құралдар дайындыққа келтіріліп, басшылық құрамның тәулік бойы кезекшілігі ұйымдастырылды», - деді «ҚазАқпарат» тілшісіне Н.Мұқажанов.