БҚО-да браконьерлер киік мүйіздерімен ұсталды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында браконьерлер киік мүйіздерімен ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО-да браконьерлер киік мүйіздерімен ұсталды

Бұл туралы ҚР АШМ Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

«Охотзоопром» ӨБ» РМҚК Орал өңірлік филиалының инспекторлары аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлерімен бірлесіп жүргізген рейдтік шаралар кезінде  9 сәуір күні сағат 21.50 шамасында Қазталов ауданы Жалпақтал ауылы тұсында «Лада 21214» автокөлігін тоқтатқан.

Автокөлік рулінде Қазталов ауданының тұрғыны отырған, сондай-ақ бір жолаушы болған. Автокөлікті тексерген кезде сөмкеден 37 дана киік мүйізі табылды.

Аталған дерек бойынша, Қазталов аудандық ішкі істер бөлімі ҚР ҚК 339-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын жүргізуде.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО тұрғынынан 70-ке жуық киік мүйізі табылғанын жазған болатынбыз. 

null