БҚО-да бұрқасын соғып тұр
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Орал қаласында бұрқасын көтеріліп, ауа райы күрделеніп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қатты желге қоса қар үздіксіз жауып тұрғандықтан, әсіресе, кейбір қаладан шығатын жолдарда ауыр жүк көліктері жүре алмай, кептелістер орын алуда. Жердің тайғақтығына байланысты бір-бірімен түйісіп қалып жатқан көліктер бар. Облыс аудандарында да күрделі жағдай қалыптасып отыр. Оңтүстік аудандарда жаңбыр үздіксіз жауғандықтан, жол езіліп кеткен.
«Қазіргі кезде ауа райына байланысты әуежай жергілікті сағат 21.00-ге дейін жабық. Сол себепті Астанадан Оралға қонуы тиіс ұшақ Ақтөбеге ұшып кетіп, қазір сонда аялдауда», деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісіне «Орал» халықаралық әуежайынан.
Айта кетейік, кеше БҚО ТЖ департаменті өңірде күн жауын-шашынды болып, тұман, көктайғақ орын алып, оңтүстік-батыстан соққан желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін жететіні жөнінде ескерткен болатын.