БҚО-да дала өртін сөндіріп жүріп күйіп қалған жүргізуші ауруханаға түсті

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында дала өртін сөндіру кезінде күйік шалған 49 жастағы жүргізуші ауруханаға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО-да дала өртін сөндіріп жүріп күйіп қалған жүргізуші ауруханаға түсті
Фото: БҚО ТЖД баспасөз қызметі

Казталов аудандық ауруханасы директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Әнуар Сапаровтың мәлім еткеніндей, оқиға 10 шілде күні кешкісін Болашақ ауылдық округінде болды.

«Жалынды сөндіру кезінде күйік жарақатын алған «Батыс сервис плюс» ЖШС өрт сөндіру машинасының жүргізушісі сағат 22.00-де ауруханаға жеткізілді. 49 жастағы жүргізушінің екі қолы, белі күйген. Қазіргі кезде жағдайы орташа ауыр. Барлық көрсеткіштері қалыпты, толық ем қабылдап жатыр», - деді Ә.Сапаров.

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінің нақтылауынша, облыстағы дала өрттерінің бәрі ауыздықталған.

Соның ішінде Сырым ауданы Тоғанас ауылы маңында 7 мың гектар аумақтағы құрғақ шөптің жануы 12 шілде күні сағат 09.00-де толық жойылды.

Казталов ауданы Болашақ ауылы маңындағы табиғи өрт (4 800 га) 11 шілде күні таңғы сағат 06.05-те сөндірілді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да өрт сөндіруге ақтөбеліктер мен министрлік тікұшағы көмектесіп жатқанын жазған едік.