БҚО-да денсаулық сақтау саласын қаржыландыруға 15,2 млрд теңге бөлінді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында биыл денсаулық сақтау саласын қаржыландыруға 15,2 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
None
None

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қанат Төсекбаевтың айтуынша, 1 желтоқсанға дейін көзделген 13,5 млрд теңге толықтай игерілді. Материалдық-техникалық базаны нығайтуға 2,9 млрд теңге қарастырылса, соның 2,0 млрд теңгесі игерілді.

2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында өңірлік іс-шаралар жоспарына сәйкес тиісті жұмыстар атқарылуда. Осыған орай 2019 жылға қарай тұрғындардың өмір сүру ұзақтығын 73 жасқа жеткізу көзделуде. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша негізгі көрсеткіштер орындалып отыр. Мысалы, 1 мың тұрғынға шаққанда жалпы өлім-жітім көрсеткіші 4,1 пайызға төмендеп, 7,0-ді (2016 жылы - 7,3) құрады. Өткен жылы 2 ана өлімі тіркелсе, биыл осындай 1 жағдай орын алды. Нәрестелердің өлім-жітім көрсеткіші 1 мың тірі туылғанға есептегенде, 12,2 пайызға төмендеп, 6,5-ті (2016 жылы - 7,4) құрады. Туберкулезбен сырқаттану мен одан өлім-жітім көрсеткіші қалыпты болса, қатерлі ісіктерден көз жұмғандар 100 мың тұрғынға шаққанда, 3,1 пайызға азайып, 80,1-ді (2016 жылы - 82,7) құрады. Облыста тек қан айналымы жүйесі ауруларынан өлім-жітім ғана 2,8 пайызға өсіп отыр (100 мың тұрғынға - 175,25, 2016 жылы - 170,5).

Денсаулық сақтау саласында мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары қолға алынды. Айталық, шаруашылық жүргізу құқығындағы облыстық клиникалық ауруханаға магниттік-резонанстық томографты лизингке сатып алу бойынша конкурстық рәсімдер аяқталып, соның қорытындысымен «Дал Казахстан» ЖШС жеңімпаз болып танылды.  Сондай-ақ Шыңғырлау ауданы Лубен ауылында ауысымына 35 адамды қабылдайтын дәрігерлік амбулатория құрылысына «Атамекен» ҰКП тарапынан оң қорытынды берілді. Құны 167,356 млн теңгеге бағаланған жобаға экономикалық қорытынды алу үшін құжаттар облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына жолданды. Оралдағы №7 қалалық емхананы күрделі жөндеуден өткізу, жабдықтармен жарақтандырумен бірге сенімгерлік басқаруға беру жобасы бойынша да осындай жұмыстар атқарылды.

БҚО әкімдігінде компьютерлік томограф сатып алу (болжамды құны - 350 млн теңге) және қалалық жедел мединицалық стансасын сенімгерлік басқаруға беру туралы ұсыныстар қолдау тапты.

«Медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарында кезекті азайту мақсатында Орал қаласының барлық емханаларында «Электронды табло» жүйесі енгізіліп, қызмет сапасы жақсара түскенін де айтуға болады. Сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесін ақпараттандыру аясында ситуациялық орталық орнатылып, жедел медициналық басқарудың автоматтандырылған жүйесі жаңғыртылды. Бұл жедел жәрдем бойынша шақыртуға жету уақытын 3 минутқа, яғни 12 минуттан 9 минутқа дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Облыстың медициналық ұйымдарында онлайн-байланысты қамтамасыз ететін «Kazmedinform» медициналық ақпараттық жүйесі енгізіліп,  ол 40 ұйымды қамтыды. Жергілікті медицина жүйелерін енгізу және денсаулық сақтау ұйымдарын компьютерлік техникамен жарақтандырудың 2017-2018 жылдарға арналған жол картасы да бекітілді. Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысында қағазсыз құжат айналымын енгізу бағытында пилоттық жоба жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда №3 қалалық емхана мен облыстық клиникалық аурухананың терапевтік бөлімшесінде дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыс алдағы қаңтар айы бойы орындалатын болады», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне Қанат Төсекбаев.

Соңғы жаңалықтар