БҚО-да егіннің 64 пайызы жинап алынды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында дәнді дақылдардың 64 пайызы жиналып алынды.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, күздік бидай орудан 114 мың тонна өнім алынды. Мұнда өнімділік әр гектарға 16,2 центнерден келді. Әсіресе, 83 мың тонна өнімді алған Зеленов ауданы диқандарының үлесі қомақты. Жаздық дақылдар, өкінішке қарай, мол өнім бермей тұр.
Мұнда әр гектардан 5,8 центнерден, арпа 4,1 центнерден айналуда. Жаздық дақылдардың 20 мың гектары есептен шығарылды. Қалған алқаптан 118 мың гектары орылып, 62 мыңнан астам тонна дән жиналды. Егіс алқабы көп Зеленов ауданы мұнда да алда келеді. 113 мың гектарға жаздық дақылдар еккен зеленовтықтар гектарына 6,4 центнерден өнім алуда, Теректі ауданы 55 мың гектардың 30 мыңын орып, әр гектардан 14 мыңдай өнім алды. Өңірде Бөрлі ауданында өнімділік өте төмен болып отыр. Мұнда гектарына 2,6 центнерден келіп, бар болғаны 1 мыңнан астам тонна дән жиналды.